СпециалистыНургазы Сасаев
Болтаев – Бектеміров – Ильин үштігі
Бүгінгі таңда қазақ спортында шетелдік мамандарға иек арту басым. Көптеген спорт түрлерінде шетелдік білікті мамандарға басымдық береміз. Ол дұрыс та шығар. Өмір ағымы, уақыт талабы солай...
Бірақ өзімізде де Олимпиада чемпиондары мен әлем чемпионатының жүлдегерлерін баптап шығара алатын мамандар бар екеніне мән бере бермейтіндейміз.
Мысалы, ауыр атлетикадағы Ержас Болтаев пен Тойшан Бектеміровті алайық. Екеуі ұлттық құрама бапкерлерімен бірге жұмыс істей алмаған Илья Ильинді жаттықтырып, оның әлем және Олимпиада ойындарында чемпион атануына үлес қосты.
Алайда «Ильин – тума талант, анадан арда туған дарын» дестік. Оны кім жаттықтырса да чемпион болатындай, Ержас Болтаев пен Тойшан Бектеміровтің бапкерлік қабілетеріне сүйсінгендер көп болған жоқ. Жап-жас екі бапкердің түрлеріне қарап, «тәжірибелері аз мамандар» деп ой түюден әріге бармадық...
Бірақ жақында Польшада өткен әлем чемпионатында осы екі «жап-жас» бапкер дайындаған екі зілтеміршіміз жеңіс тұғырына бірге көтерілді. 94 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Алмас Өтешев пен Владимир Седов күміс және қола медаль еншілеп қайтты.
Бірақ бұл жолы олар екеуі ғана болған жоқ. Бапкерлер жұбына екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин де қосылыпты. Жас жаттықтырушылар жұбы енді бапкерлер үштігіне айналып отыр.
Осы үш маман Польшадағы әлем чемпионатына үш зілтеміршіні баптап апарды. Олардың екеуі (Өтешев пен Седов) жүлдеге іліксе, 105 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ескендір Момынбеков 8-орынға ие болды.
Осыдан бірер күн бұрын ауыр атлетика маманы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бекен Бекмұханбетовпен кездесіп қалдық. Осыдан бірер жыл бұрын ауыр атлетикадан Олимпиада даярлығы орталығының директоры болған Бекен Сәрсенбайұлы да жоғарыда аталған екі бапкеріміздің әлем чемпионатындағы жетістіктеріне дән риза екен.
– Ауыр атлетикадан алғаш рет қазақ баласы әлем чемпионатының жүлдегері атанды. Бұл – күміс те болса, алтынға бергісіз медаль. Ал оны осындай ерен жетістікке жеткізіп отырған – өз мамандарымыз. Яғни өзімізде де Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарының жеңімпаздарын баптап шығара алатын мамандар бар. Тек оларға мүмкіндік беру керек. Оларға жағдай жасап, көмектесуіміз керек.
Ержас пен Тойшан – қарапайым, еңбекқор жігіттер. Үнемі ізденіс үстінде. Өз біліктіліктерін жетілдіре түсуге құлшыныстары зор. Олар сонау Кеңес Одағындағы әйгілі бепкерлердің әдістемелерін көп зерделеді.
Шетелге шығып (атап айтқанда, Польшаға барып), шетелдік мамандардың да ілім-білімдерін саралап, тәжірибелерін жетілдіре түсті.
Сондықтан оларға мүмкіндік беру керек деп ойлаймын. Олар текұлттық құрамадан «қашып» келген спортшыларды ғана жаттықтырып жүре бермек пе? Елдің бәрі – шоғы биік Ильин емес, елдің бәрі Өтешев, Седов, Истомин және Кузнецов емес. Оларға ұлттық құрамадан кетіп қалу оңай болды дейсіз бе? Жоқ,әрине. Олар біршама қиыншылықты бастарынан кешкен де шығар. Яғни бәрі бірдей Ержас пен Тойшанға кетіп қала алмайды.
Сол себепті ерлер құрамасын Ильин – Болтаев – Бектеміров үштігіне берсе де артық болмас еді деп ойлаймын, – деп тебіренді Бекен Бекмұханбетов.
...Осы орайда ойымды ел футболындағы жағдай шырмады. Биыл премьер-лигадағы бірнеше клуб қаржы тапшылығын бастарынан кешіріп, ойыншылары бірнеше ай жалақыларына ала алмай сергелдеңге түсті.
Тізгінін шетелдік мамандар ұстаған қалталары жұқа, жағдайлары нашар клубтарымыз мардымды ойын үлгісін көрсете алмады («Ақжайық», «Жетісу»). Орал клубының маусым басындағы шетелдік бапкері мұндай қиындыққа шыдай алмай, келген ізімен кері кетіп те қалды.
Ал солар секілді жалақыларына уақытылы қолдары жетпей жүрген «Ертіс» клубы соңғы турға дейін жүлделі орынға таласты. Тіпті биылғы Еурододаны да тәп-тәуір бастап, намысты қолдан бермей, Қазақстан жанкүйерлерін риза қылды. Ал бұл клубтың бас бапкері өз маманымыз Талғат Байсуфинов болатын...
Ерлікке парапар еңбек етіп жүрген осындай өз мамандарымызды дәріптеп отыруымыз керек сияқты. Оларға ұлттық құрамаларымыздың бас бапкері секілді лауазымды қызметтер ұсынылмаса да, қомақты сыйақы берілмесе де, олардың ізгілікке толы еңбектерін жария етіп отырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Өз істеріне, өз қызметтеріне адал жергілікті бапкерлер ең болмаса осындай құрметке лайық емес пе?!.
Подписывайтесь на главные новости
казахстанского спорта в Telegram
Комментарии
Сделать ставкуКарточка блогера
Ел спорты жайлы ой
Блог Нургазы Сасаева о казахстанском спорте
- Дата рождения:
30 ноября 1966
- В спорте:
с 1988 года